Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, этнос өкілдерін ынталандыру, талантты жастарды анықтау және қолдау, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіруді қолдау болатын. Байқау ұсынылған тақырып бойынша дайындықсыз ауызша тұсаукесер жасау; қазақ тілінде эссе жазу; «Шабыт жұлдызы» шығармашылық тапсырмасы. Қазақтың халық немесе заманауи әнін орындау, би, күй не болмаса көркем шығарма үзіндісінің қойылымы шарттарынан тұрды.
Сайысқа қатысушылардың барлығының да ұқыпты дайындығы, ынтасы байқалды. Дегенмен озғандар анықталмаса дарыс болмайды. Әулиекөл ауданынан келген Халмурад Байметов «Сөз шебері», Федоров ауданынан келген Александра Сорокина «Шабыт жұлдызы», Меңдіқара ауданынан келген Вера Понкратенко «Көрермен көзайымы» номинацияларына ие болып, дипломдармен және «Сулпак» тұрмыстық-техникаларды сату бойынша дүкендер желісінің 5 мың көлеміндегі сыйлық сертификаттарымен марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Амангелді ауданынан келген Терентьева Оксана ие болып, дипломмен және «Сулпак» тұрмыстық-техникалар дүкендер желісінің 20 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталады. Жүлделі ІІ орынды Қостанай педагогикалық колледжінің студенті Султаншина Виктория ие болып, ол да дипломмен және «Сулпактың» 15 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталады және ІІІ орынға рудныйлық Дорошко Виктория ие болып, дипломмен және «Сулпак» дүкенінің 10 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»